Қамқоршылық кеңес 2019-2020 оқу жылының есебі

2019-2020 оқу жылына қамқоршылық кеңесі алдындағы есебі
Шортанбекова Фарида Советбековна,
гимназия директоры
Құрметті гимназиямыздың қамқоршылық кеңес төрағасы Медеу Жетенұлы, кеңес мүшелері!
Бүгінгі күні білім беру жүйесі түбегейлі жаңаша ойлауға негізделген іргелі реформалар кезеңіне қадам басты. Бауыржан Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясы биылғы 2019-2020 оқу жылын 1960 оқушымен 71 сынып комплекті ұйымдастырып бастады. Қазіргі кезде 1951 оқушы білім алуда.
Гимназияда 144 мұғалім қызмет етеді. Оның 92-сі, яғни 65 пайызы жоғары және І санатты мұғалімдер, бұл өткен оқу жылымен салыстырғанда 3,9 пайызға артқан. Сонымен қатар, жаңа форматты аттестаттаудан 4 педагог – шебер, 55 педагог- зерттеуші, 28 педагог-сарапшы, 21 педагог-модераторлар қызмет атқарады.
Жаңартылған білім беру мазмұнына көшу басталғаннан бері жалпы гимназияда соңғы 3 оқу жылында 141 мұғалім білім жетілдіру курсынан өтті, 7 ағылшын тілі, 4 информатика, 3 физика, 1 химия, 2 биология пәні мұғалімдері ағылшын тіліндегі курстарда білімдерін жетілдірген.
Биылғы оқу жылы 1 – 11 – сыныптарда оқушылардың білім сапасы - 78,1%, оқу үлгерімі - 99,9% көрсетті.
Оқушылардың білім, білік дағдыларының деңгейі, пәндердің оқытылу жағдайы үнемі бақылауда болып, оқушылар білімін тексеру барысында тестілеу, бақылау жұмыстары, сынақтар жүргізіліп, нәтижелері талданып, әр тоқсан бойынша, әр пәндер бойынша білім сапасына оқушылардың оқытылу деңгейіне салыстырмалы талдау жасалынуы мұғалімдердің өз ісіне жауапкершілігін жоғарылатуымен қатар, білім сапасының кей пәндерден төмен болуының себебін анықтап, олқылықтарды түзету жолдарын іздестіру жұмыстары жүйелі жүргізілуде.
ҚР жалпы орта білім беру стандарттары туралы Ережеге сәйкес мамандыққа бағдарлау оқу жүктемесінің вариативті бөлігіндегі бағдарлы пәндер, қолданбалы курстар, таңдау курстары арқылы жүріп, қолданбалы курстар мен таңдау курстарында оқушылардың бойында өздері саналы түрде таңдап алған болашақ мамандығына қатысты білім негізі қалыптасуы керек. Гимназияда 5а,ә,б,в, 6а,ә,в,д,е, 7а,ә сыныптарында математика, 5г,д,е, 6б,г, 7б,в, сыныптарында ағылшын тілі, 7д сыныбында қазақ әдебиеті, 7г сыныбында қазақ тілі пәндері тереңдетіліп оқытылады.
Бағдарлы оқытудың табысты болуы 8 – 9- сынып оқушыларының бағдаралды дайындығының мазмұнына тікелей байланысты. Оқушылардың бағдаралды дайындығын ақпараттық қолдау мақсатында 9- сынып оқушыларын мамандыққа бағдарлау мақсатында Жамбыл химия технологиялық колледжіне, Жамбыл медициналық колледжіне, Жамбыл экономика және ақпараттық технологиялар колледжіне таныстыру сапарлары ұйымдастырылып, іс-шара нәтижесінде олар 20-дан астам мамандықтар туралы мағлұмат алды.
Гимназия мұғалімдерінің басты міндеттерінің бірі - дарынды оқушылармен жүйелі, нәтижеге бағытталған жұмыс атқару болса, ол міндет те өз дәрежесінде орындалды. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық пән олимпиадасында 3 оқушы жолдама алды, олар: францз тілінен Ержан Аружан, Дүйсенбаева Сымбат (жетекшісі К.Камборбаева), орыс тілі, әдебиеті пәнінен Истанбекова Аяна (жетекшісі З.Ахмедова). Республикалық ғылыми жоба байқауына 5 оқушы қатысып, 3-еуі жүлдегер болды: Бейбіт Анел (жетекшісі Ф.Шортанбекова), Нургалиева Жанерке (жетекшісі Г.Алимкулова), Абдешова Арай (жетекшісі Т.Шымырбаев). Республикалық «Зерде» 1-7 сынып оқушыларына арналған ғылыми жоба байқауына 3 оқушы қатысып, 2-еуі жүлдегер болды: Қабылбек Мади (жетекшісі Ж.Есимханова), Дүйсенбек Аймэри (жетекшісі Н.Сейілбаева).
Жалпы гимназия оқушыларының 1417-і (жалпы оқушы санының 71%-ы) түрлі деңгейдегі, әр түрлі бағыттағы байқау, конкурстарда жүлделі орындардан көрінді. Оның ішінде 14-і республикалық, 23-і облыстық, 48-і қалалық, 1332-і республикалық, интеллектуалды, шығармашылық қашықтық жарыстардан топ жарды. Гимназияда оқушыны жан-жақты дамытуға көп көңіл бөлінетіндігін тағы да осы оқушылардың әр түрлі байқаулардан орын алғандығынан анық байқауға болады. Мысалы, осы 1417 оқушының 1371-і интеллектуалдық, 34-і шығармашылық, 12-і спорттық байқаулардан жетістіктер көрсеткен.
Дарынды оқушылармен нәтижелі жұмысты жүргізуге әрине талантты ұстаздарымыз жетерлік. Соның ішінде биылғы оқу жылында республикалық байқаудан 5 ұстаз, облыстық байқаудан 10 ұстаз, қалалық байқаудан 8 ұстаз, қашықтық байқауларынан 221 ұстаз жүлделі тұғырлардан көрінді. Атап айтсақ, Халықаралық математика олимпиадасының 2 дүркін жүлдегері Кеңесов Бауыржан, республикалық «Алтын тұғыр» бастауыш сыныптардың математика олимпиадасының жүлдегерлері Наретова Перизат, Жанқораз Ардақ, Бурханова Гульнара, Сандыбаев Перизат.
Әдістемелік жұмыстағы көшбасшы ұстаздар, бөлінген көшбасшылық арқылы оқу үдерісінде зерттеу жұмыстары үздіксіз жүргізіліп, тәжірибе жинақталып, біліктілік шыңдалып, қаланың 6 мектебіне жетекшілік етіп, Ы.Алтынсарин атындағы академияның республикалық конференциясына жұмыс нәтижесін шығара алды. Ақпан айында Тараз қаласы 60 мектептің орыс тілі мұғалімдеріне тәжірибе таратылып, «Сандық білім беру ресурстарын пайдаланып оқушылардың коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыру» тақырыбында семинар өткізілді.
«Үш тілде білім беру» бойынша: 10-11-сыныптарда жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде жүргізуге дайындық 8-сыныптарда физика, химия, биология, информатика пәндерінің ағылшын тілінде жүргізілуі жалғасын тауып отыр. Оқушылардың ағылшын тіліндегі тілдік қорын байыту, толықтыру мақсатында «Биология: ағылшын тілінде», «Химия: ағылшын тілінде», «Информатика ағылшын тілінде» курстары 8-сынып оқушыларымен жүргізіледі.
Осы оқу жылында гимназияда өнер және спорт бағытында 27 үйірме жұмыс жасайды: оның 16-сы өнер, қалған 11-і спорт бағытында жүргізіледі. Барлық үйірмелер тегін жүргізіледі. Өткен оқу жылымен салыстырғанда үйірмеге қамтылған оқушылар саны 5%-ға артқан. Осы оқу жылында гимназияның қосымша білім беру жүйесі 820 оқушыны қамтыды, ол гимназияның барлық оқушыларының 44%-ын құрайды, мектептен тыс үйірмелерде 687 оқушы қамтылып, ол 37%-ды құрайды.
Оқушылардың шығармашылық, спорттық байқаулардағы жетістіктері
Қалалық байқау, жарыстар | Облыстық байқау, жарыстар | Республикалық байқау, жарыстар | Халықаралық байқау, жарыстар | Жалпы |
Бас жүлде - 0 І орын - 10 ІІ орын - 7 ІІІ орын - 7 | І орын-2 ІІ орын-3 ІІІ орын-2 | Бас жүлде – 4 І орын - 10 ІІ орын - 4 ІІІ орын-5 | Бас жүлде – 5 І орын –4 ІІ орын – 4 ІІІ орын - І | 62 жүлделі орын: Бас жүлде –9, І орын – 26, ІІ орын - 18, ІІІ орын -15. |
24 | 7 | 23 | 14 | 68 |
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында оқушылардың компьютерлік сауаттылығын жоғарылату мақсатында «Робототехника» үйірмелері жүргізілуде.
Қалалық робототехника чемпионатында «Гонка по линии 10-13 жас» категориясы бойынша Жазықбай Али, Шарип Ади ІІІ орын алды. «Робототехника - болашаққа қадам» тақырыбында оқушылар мен студенттер арасындағы өткізілген қалалық байқаудан Әмірбек Тоқтар, Тұрыс Әмір, Тұрсынбек Аруна І орын иеленді. Қалалық 2019 жылғы робототехника чемпионатында Тұрсынбек Аруна, Әмірбек Тоқтар, Төлеу Иманғали, Нұрбекұлы Дамир, Смағұл Елдар, Әбітай Темірлан, Ермұханбет, Шарип Ади, Турсын Арсен, Тұрлыбек Ерасыл, Тұрсынбек Аруна, Тұрыс Әмір ІІІ орын, облыстық Жамбыл облысы әкімдінің білім басқармасы ұйымдастырған Роботехникадан чемпионатында «Мини суммо» категориясы бойынша Тұрсынбек Аруна І орын, осы жарыстың «Сызық бойымен жарыс» категориясы бойынша Тұрсынбек Аруна І орын, облыстық іріктеу роботехника сайысы «WRO robot Olympiad” «Мини суммо» категориясы бойынша Әмірбек Тоқтар мен Тұрсынбек Аруна І орын, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде өткен І облыстық роботехника және мехатроника байқауынан Тұрлыбек Ерасыл, Аярбеков Меиржан, Қуаныш Әділ, Тұрыс Әмір, Тұрсынбек Аруна, Әмірбеков Тоқтар І орын, «Ұлы Абайға 175 жыл» атты фестивалінде роботтық техника жарысында «робо Қыз қуу» категориясы бойынша Бекназар Дияр мен Әлібек Нұрдәулет І орын иеленді. Республикалық Алматы қаласы Әкімінің кубогы үшін робот техникасы және инновациялық технологиялар бойынша VІ ашық чемпионатының «Роботтар сайысы» конкурсының «Кең жол» номинациясы бойынша Жазықбай Али, Шарип Ади, Тұрсынбек Аруна І орын алды. Халықаралық V Международный фестиваль робототехники, программирования и инновационных технологий «RoboLand 2019» жарысынан Әмірбеков Тоқтар мен Тұрсынбек Аруна І орын алды.
Жаңартылған білім беру мазмұнына көшу жағдайында тәрбие жұмысында «Шаңырақ» жобасы қолға алынды. Бұл жобаның аясында І тоқсанда «Туған елге тағзым», ІІ тоқсанда «Мамандықтар әлемі», ІІІ тоқсанда «Табысты үштік» жобалары жүзеге асты.
Қазан айының 14-25 аралығын қамтыған «Туған елге тағзым» жобасы барысында білім алушылар Жамбыл облысының 80 жылдығына орай облыс аумағындағы 50 ауылдың атауларына, тарихына, экологиялық, экономикалық жағдайына, мәдени-танымдық ерекшелігіне жобалық жұмыстарын жүргізіп, шаңырақ сағаттарында оларды шығармашылық өнім ретінде ұсынды.
Жоба аясында Жуалы ауданындағы Ақсай, Мыңбұлақ ауылдық округтері мен Жамбыл ауданындағы Ерназар ауылына, Байзақ ауданындағы Абай ауылдарына экскурсиялар жасалды.
Жоба нәтижесінде туған өлкенің тарихын зерттей отырып, білім алушылардың танымдық қабілеттері артып, патриоттық-адамгершілік құндылықтары қалыптасты, шығармашылық қызығушылықтары артты.
«Туған елге тағзым» жобасының қорытындысы бойынша «Шу», «Жуалы», «Ақсай», «Күреңбел», «Ерназар», «Сарысу», «Қордай», «Көлқайнар», «Ақкөл», «Алатау» шаңырақтары шығармашылық шеберлікпен, жоғары дәрежеде зерттеу жұмыстарының қорытындысын ұсынды.
ІІ тоқсанда білім алушылар «Мамандықтар әлемі» жобасын жүзеге асырып, туған жеріміз – Жамбыл облысының 80 жылдығына орай І тоқсандағы жобалық-зерттеу жұмыстарын жалғастыра жүргізді. Жоба барысында өздеріне берілген ауылдардағы дамыған мамандықтар, керісінше қат-қажетті мамандықтарды анықтап, нәтижесін шығармашылық өнім ретінде ұсынды, аталған ауылдағы елге ерен еңбегі сіңген маман иелерін дәріптеді.
«Мамандықтар әлемі» жобасының қорытындысы бойынша «Айша бибі», «Ақсай», «Мыңбұлақ», «Ерназар», «Сарысу», «Қордай», «Түркістан», «Алатау», «Ақсу», «Жамбыл», «Алатау» шаңырақтары аса жауапкершілікпен, жоба критерийлеріне сай нәтиже көрсетті.
ІІІ тоқсанда тәрбие жұмысында, бірлескен шаңырақ сағаттары барысында оқушы, ұстаз, ата-ана арасындағы берік ынтымақтастықты қалыптастыра отырып, балалардың толыққанды әлеуметтік тұлға ретінде қалыптасуына жағдай жасау мақсатында «Табысты үштік» жобасы жүзеге асты. Жобаға әр шаңырақтан 3 ата-ана қатысып, балаларды тиімді әлеуметтендіру бағытында берілген 3 тақырып бойынша ТЕДх форматында сөйледі. Жобаға 105 ата-ана қатысты.
Гимназия оқушыларының «100 кітап» жобасы.
Гимназиямыздағы оқуға міндетті «100 кітап» жобасы да түгелімен QR-кодқа ауыстырылып, гимназиямыздың сайтына орналастырылды, мобильді кітапхана стенді гимназияның 2-қабатына жасалынды. Кітап оқуға қызығушылығы артқан кез келген оқушы гимназия сайтынан QR-cканер арқылы ашып, дыбыстық немесе мәтіндік түріне қол жеткізе алады. Осыған қоса, біздің мектебімізде жасалынған жобалар мен гимназиямыздың үздік түлектері туралы ақпаратты да QR-cканер арқылы білуге мүмкіндіктері ашылды.
Оқушылардың «100 кітап» жобасы аясындағы кітаптарды оқуына арналған. мобильді кітапхана ашылды. Бұл кітапхана әр білім алушының өзіне қажетті кітаптарын ұялы телефонына жүктеп алып, оқуына мүмкіндік береді. Мобильді кітапханада тек қана оқушыларға емес, гимназия ұстаздарына арналған әдістемелік кітаптар да бар. Демек, мұғалімдердің де білімдері мен біліктерін жетілдіріп, педагогикалық ғылым мен тәжірибенің соңғы жетістіктерін қолдана білуіне жағдай жасайды. Мобильді кітапхананың қорында 160 кітап бар. Оның 60-ы ұстаздарымыздың әдістемесін жетілдіруге арналса, 100-і гимназистердің білімін арттыруға арналған.Оқырмандарға арналған 100 кітаптың 50-і қазақ тілінде, 30-ы орыс тілінде болса, 20-сы ағылшын тілінде.
«100 кітап оқу» жобасын қорытындылау мақсатында қашықтықтан гимназия оқушыларының арасында мектепшілік «Ең үздік буктрейлер» сайысы ұйымдастырылып, сайысқа 5-10 сынып оқушылары қатысты.
Сайыстың мақсаты:
1.Қазақстан Республикасының Президенті Қасым - Жомарт Тоқаев әлеуметтік желіде жолдаған “Қандай кітап оқып жатырсыз?” челлендж – эстафетасын жалғастыру,
2.“100 кітап оқу” жобасын қорытындылау,
3.Білім алушылардың шығармашылық қабілеттерін көрсету және дамыту,
4.Білім алушылардың арасынан “кітапқұмар” үздік оқырмандарды анықтау және марапаттау.
Сайыстың жүлде қоры:І орын – велосипед / 1 оқушы/,ІІ орын – планшет /2 оқушы/,ІІІ орын –ұялы телефон /3 оқушы/. Сайыстың үздік оқырмандарын анықтау үшін комиссия құрылып, жеңімпаздар анықталды.
“Ең үздік буктрейлер” сайысының жеңімпаздары:
І орын 5“А” сынып оқушысы: Тұрғынбай Айару,
ІІ орын 8“А” сынып оқушысы: Серикмахамбет Дильназ, 6“В” сынып оқушысы: Жарылқасым Жібек,
ІІІ орын 6 “В” сынып оқушысы: Рыскан Марзия, 7 “Д” сынып оқушыс: Ғани Айзере, 6“А” сынып оқушысы: Тұрсынбай Айдана жеңіп алды,
6 «В» сынып оқушысы - Алпыс Дарын мен 9 «А» сынып оқушысы - Мұханжан Инабат алғыс хатпен марапатталды.
Сонымен қатар гимназияда «100 кітап оқу» жобасы бойынша әдеби кітаптардың жетіспеуіне байланысты жылдағы үрдіспен «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы ұйымдастырылды. Акцияға 125 дана әр саладағы кітаптар түсті, акцияға ерікті түрде қатысқан барлық сынып оқушылары мен ата-аналарға үлкен рахмет. Сіздердің қолдау көрсеткендеріңіздің арқасында кітап қоры 125 дана кітаппен толықты.
Құқық бұзушылықты болдырмау және алдын алу
Гимназияда құқық бұзушылықты болдырмау және алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстарда аз емес. Атап айтар болсақ мектеп қабырғасында, мектеп ауласында оқушылардың өмір қауіпсіздігін қадағалау. Тәртіп бұзушылықты болдырмау мақсатында таңғы 7:40-20:00 аралығында гимназияның ер мұғалімдерінен кезекшілік ұйымдастырылған. Дүниежүзілік денсаулықты сақтау ұйымының «Денсаулықты нығайтатын мектеп» жобасы аясында салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында күнделікті сағат 7:45 –те «Қазақ елі» әніне 7-11 сыныптар арасында таңғы жаттығу ұйымдастырылған. Жоба аясында күзгі және қысқы демалыс кездерінде гимназия ұстаздарының арасында «Спорт сүйер ұстаздан -салауатты болашақ» атты табиғат аясында тимбилдинг ұйымдастырылды. Дене шынықтыру пәні бірлестігінің мұғалімдері серіктес мектептер арасында қалалық волейбол, тоғызқұмалақ, баскетбол жарыстарын ұйымдастырды.
8-11 сынып қыздары мен сынып жетекшілерінің қатысуымен «Қыздар гигиенасы», «Ерте жүктіліктің алдын алу» деген тақырыптарда емхана геникологтарымен кездесулер өтті. Нашақорлықтың алдын алу, салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында айына 1 рет облыстық наркодиспансер орталығының мамандарымен адам организміне зиян келтіретін, зиянды заттар туралы «Есірткі- аяусыз жау», «Алкогольдің зияны», «Электронды темекі, кальян, насыбайдың зиянды жақтары» тақырыбында 9-10 сыныптар арасында кездесулер мен дөңгелек үстелдер өткізілді.
«Кәмелетке толмағандар арасында және оларға қатысты құқық бұзушылықтың алдын алудың Жол картасы» бағдарламасы негізінде жоспар жасалынып, ереже бекітілген. Гимназия әкімшілігі тарапынан аптасына бір рет І ауысым бойынша 7-11, ІІ ауысым бойынша 5-6 сыныптарға рейд жасалынады (зиянды заттар, қымбат ұялы телефондар, суық қару, электронды темекі) сияқты заттардың болмауы тексеріледі. «Кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу» тақырыбында заң және прокурор мамандары, мобильді топ мүшелерімен 13 рет кездесулер, дөңгелек үстелдер ұйымдастырылды. ДҚТІЖО, гимназия инспекторы, дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері бірлесіп бірнеше мектеп маңындағы компьютерлік клуб, базарларға рейдттер жасалынды. Гимназиямызда құқық бұзушылық бойынша қалалық ішкі істер басқармасына есепке алынған оқушы жоқ. Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында «Қазақстандағы ислам дінін жамылған деструктивті ағымдар» туралы дін орталығының қызметкерлерімен кездесулер өтті.
Елбасымыздың «Сыбайлас жемқорлықтан адал-өңірлер қалыптастыру» тапсырмасына сәйкес қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, сонымен қатар адалдық, әділдік, парасаттылық қағидаттарын кеңінен насихаттау мақсатында «Адал ұрпақ» еріктілер клубы ашылды. «Адал Ұрпақ» клубының негізгі мақсаты: Сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты нығайту арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы сипаттағы іс-шараларды ұйымдастыруға тәрбиелеу. Клубта гимназиямыздың 9-10 сынып оқушыларынан құрылған 20 білімгер бар.
Жас ұрпақтың бойында Отансүйгіштік, адалдық, сенім құндылықтарын сіңіріп, рухани болмысын бекіту мақсатында гимназияішілік «Адалдық - менің кредом!» жобасы жасалған. Осы жоба аясында 3 адалдық сағаты, 1 дөңгелек үстел, 2 дебат,
2 флешмоб, 1 челендж ұйымдастырылса. «Табысты үштік» жобасы аясында ата-ана, оқушы, ұстаз арасында бірлескен шаңырақ сағаттары өткізілді. Сонымен қатар мектепте «Адалдық» дүкені ашылған. Бұл іс-шараның негізгі мақсаты сатушысыз дүкен оқушылар өздеріне керек кеңсе заттарын алуға және әр бір баланы адалдыққа үйрету. 1-11 сынып жетекшілері «Су айдындарындағы қауіпсіздік қағидаларының негізгі талаптары мен ережелері» атты жаз мезгіліндегі оқушылардың қауіпсіздігі туралы онлайн тәрбие сағаттарын өткізді.
Оқушылардың ыстық тамақпен ұйымдастыру және санитарлық –гигиеналық талаптарының орындалуы талапқа сай. Гимназия асханасы сапалы әрі қауіпсіз азықтармен және аспаздық ыдыстар жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етілген. Брокераж комиссиясы құрылған, күнделікті ас мәзірі бекітіледі. Ас мәзіріне сәйкес «Бақылау асы» көрінетін жерде күнделікті қойылған. Оқушылардың асханаға тамақтану кестесі мен кезекшілік кестесін әлеуметтік педагог күнделікті бақылайды. Гимназияда 2019-2020 оқу жылында әлеуметтік көмек қажет ететін аз қамтылған, көп балалалы, толық емес отбасынан шыққан оқушыларды тегін ыстық тамақпен 326 оқушы қамтылған. Жазғы қала сыртындағы лагерге барлығы 67 оқушыға жолдама бөлінеді.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы № 26 бұйрығына, «Тараз қаласы әкімдігінің білім бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 2019 жылғы 20 мамырдағы №1675 хатына және 15.05.19ж. күні өтілген гимназияішілік ата-аналар жиналысының шешіміне сәйкес Алдағы оқу жылына гимназия оқушыларының формасы төмендегідей сақталады:
1.Ұлдардың формасы: қара көк түсті пиджак, жилет, шалбар, ақ түсті классикалық жейде, қою түсті галстук.
2.Қыздардың формасы: қара көк түсті пиджак, жилет, қара-қызыл жолақты, бүрмеленген белдемше, ақ түсті классикалық жейде, қара-қызыл жолақты галстук.
3.Ұлдар мен қыздарға арналған спорттық форма спорттық костюмнен (ақ футболка, спорттық шалбар, куртка), спорттық аяқ киімнен (крассовка, кеды) тұрады.
4.1-сынып оқушылары үшін ашық көк түсті мерекелік желет, мерекелік галстук
Оқу-материалдық базаның жаңаруы.
1. Гимназияның мәжіліс залының пердесі жаңартылды
2. Мәжіліс залдың тақтасымен проекторы жаңадан алынды.
3. Робототехника 2 кабинеті берілді.
Білім беру ұйымының Қамқоршылық кеңесінің міндеттері:
1) білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілердің құқықтарының сақталуына, сонымен қатар білім беру мекемелерінің шотына түсетін қайырымдылық көмектің жұмсалуына қоғамдық бақылауды жүзеге асырады;
2) білім беру ұйымының жарғысына өзгерістер және/немесе толықтырулар енгізу туралы ұсыныстар әзірлейді;
3) білім беру ұйымын дамытудың басым бағыттары бойынша ұсынымдарды әзірлейді;
4) қазақстандық азаматтардың отбасына жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастыру мәселелері жөнінде шалаларды жетілдіру бойынша ұсыныстарды әзірлейді;
5) қайырымдылық көмек түрінде білім беру ұйымдарына түскен қаржыны бөлуге қатысады және оның мақсатты жұмсалуы туралы шешім қабылдайды;
6) білім беру ұйымының бюджетін қалыптастыру барысында ұсыныстарды әзірлейді;
7) тиісті саланың уәкілетті органына немесе білім саласындағы жергілікті атқарушы органына Қамқоршылық кеңестің білім беру ұйымының жұмысында анықтаған кемшіліктерді жою туралы ұсыныстар енгізеді;
8) орта білім беру ұйымдары басшысының лауазымына үміткерлермен әңгімелесу қорытындысы бойынша хаттамалық шешім шығарады және келіседі;
9) білім беру ұйымы басшысының білім беру ұйымының қызметі туралы, оның ішінде білім беру қызметін ұсыну сапасы, қайырымдылық көмектің жұмсалуы және қазақстандық азаматтардың отбасыларына жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды орналастыру мәселесі жөнінде шараларды қабылдау туралы есебін тыңдайды;
10) білім беру ұйымы қызметінің мәселелері бойынша конференцияларға, кеңестерге, семинарларға қатысады;
11) білім беру ұйымының қызметімен, білім беру ұйымындағы білім алушыларға және тәрбиеленушілерге жасалған жағдайлармен танысады, білім беру ұйымының психологын қатыстыра отырып, олармен әңгімелеседі.
«Жұмыла көтерген жүктің – жеңіл келетінін» ескере отырып, бала тәрбиесі – ортақ іс екенін, аса жауапкершілікпен қарау керек екенін білеміз. «Мектеп – ата-ана – бала» үштігі бірігіп, ынтымақтаса еңбек атқарғанда ғана нағыз ұлтжанды азаматты тәрбиелеуге болатынын жүрекпен түсінеміз. Алда талай бағындырар белестер, атқарылар істер бар. Болашағы баянды, келешегі кемел білім ордасының жетістіктері алдағы уақытта да еселене береді деп сенеміз, қажырлы еңбек, үздіксіз ізденіс, қарымды қабілет гимназия ұжымының негізгі ұстанымы болып қала бермек.
Бүгінгі қоғам мектептегі ата – ананың рөлін күшейтіп отырғаны мәлім. Осы орайда белсенді ата-аналардың бастамасымен мектепішілік қамқоршылық кеңесі құрылды. Аталған қамқоршылық кеңесі 9 қаңтар 2019 жылы құрылып, 15 адам мүше болып табылады. Тек есеп берумен шектелдік. Алдағы уақытта ҚББ тарапынан бүгінгі күнде ортақ есеп шот ашылды. Мектепке көмек ретінде атсалысса, мектеп, ата-ана, оқушы белсенді серіктестікті нәтижелі жұмыстың кепілі болады деген сенімдемін.
Қазіргі таңда елімізде цифрлы Қазақстан жобасы жүзеге асырылуда. Оның бірден бір себебі, ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуының салдары. Осы жобалардың негізінде: интернет банкетинг, Alex Press, jumys.sitcen.kz, edugarden.kz, eduschool.kz парталдары жұмыстарын бастап кетті.
Білім беру саласына жұмысқа орналасу jumys.sitcen.kz парталы арқылы республика бойынша кез-келген білім беру мекемесіндегі бос орындарға түйіндемеңізді тастап, жұмысқа орналасуға болады. Былтырғы оқу жылынан бастап білім беру саласына қызметкерлерді jumys.sitcen.kz парталы арқылы жұмысқа қабылдап жатырмыз.
Биыл балаңыз бірінші сыныпқа келетін болса немесе оқушыны басқа мектепке ауыстырғыңыз келсе eduschool.kz парталы арқылы өзіңізге қажетті мемлекеттік қызметті жеңіл және ыңғайлы түрде онлайн алуға болады.
Жаңа 2020-2021 оқу жылында 1 сыныпқа келетін оқушылардың өтініші мен құжаттарын eduschool.kz парталына 1 маусым 2020 жылдан бастап тіркеліп, білім беру мекемесіне өтініш қалдырасыз, сол жерде көрсетілген баланың құжаттарын сканерлеп тіркейсіз. Сіздің өтінішіңіз 5 күн жұмыс күнімен қаралып, жауабы SMS, E-maill хабарлама арқылы жауап беріледі. Өтінішке жауаптар келесідей болуы мүмкін: түзетуге жіберілген (тіркелген құжаттар дұрыс болмаған жағдайда), сұхбаттасуға шақырылған (гимназияларда), қабылданбады, мектепке қабылданды.
Сонымен қатар биыл мектеп жанындағы және қала сыртындағы жазғы демалыс лагерьлеріне де өтініштер eduschool.kz парталы арқылы қабылданады. Қала сыртындағы жазғы демалыс лагерьіне ата-ана баласын өзі eduschool.kz парталына тіркеліп басты бетінен керекті категорияны (мектеп жанындағы лагерь немесе қала сыртындағы лагерь) таңдау арқылы өтініш қалдырады. Өтінішті толтырған кезде бірінші ата - ана туралы мәліметті сосын оқушы туралы мәліметтерді толық толтыру керек.
























